«Тіл – адамның адамдық
белгісінің зоры»


Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектерімен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
– Рымғали Нұрғалиев
Біз бүгін Ахаңның «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік. Мұның мәнісі – екеуі де: бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ әдебиетінің алғашқы әліп-билері. Асылы, үздік қасиеттер бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне солғұрлым ұқсас болады.
Зейнолла Қабдолов
Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген – Ахмет Байтұрсынұлы.
Қайым Мұхамедханов
… Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді.
Ғаббас Тоқжанов
Ахмет Байтұрсынұлы – біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан, із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліпбиімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың «Тіл-құралы» арқылы оқып үйренді.
Рабиға Сыздық
Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсыновтың атын алты алаштың – бар қазақтың баласы ғана емес, алдыңғы қатарлы адам баласы білетін болады.
Қайым Мұхамедханов
… өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.
– Сәкен Сейфуллин
А. Байтұрсынұлының өлеңдері өзінің сыртқы қарапайымдылығы, ішкі мазмұны, жеңілдігі және біркелкілігі жағынан қазақ әдебиетінде бірінші орын алады… А. Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, … өз ағаттықтарын түсіне бастады…
– Міржақып Дулатұлы
Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қанжылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды.
– Мұхтар Әуезов
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
AHMETTANU.KZ
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ
Жұрт қолы теңдікке теңелсе жетеді.
«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзеуге құдыреті келер. Сөз – қару. Бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың, өзі түзелуге бет ала бастағанын көріп тұрмыз.
Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әртүрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай, «қазақ ұлты» болып тұра аламыз ба? Осы – біздің, төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда, өз алдына ұлт болып өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттар ғана тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта, адамы құрымай, жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себепші болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Дүние ісіне де, дін ісіне де күш керек.
Жолсыз билікті көп көрген жұрттың жолға сүйену, туралық бітім күту иманы бұзылады. Жолсыздыққа көзді де, етті де, бетті де үйретіп, жолды мен жолсызды айырмайтын болады.
Алдауыштардың жазасын тартқызудан басқа олардан құтылудың жолы жоқ.
Тарих жолына қарағанда келімсек жұрт күшті болса, тұрғын жұрт аяқ асты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Тұрғын жұрт күшті болса, келімсек жұрт сіңіп, тұрғын жұрттың түріне түсіп, бөтендігі жоғалмақшы. Екеуі де тең болса, бір-бірінен кем болмай, біріне бірі жем болмай, қатар тұрып күнелтіп, һәр қайсысы өз алдына ұлт болып тұрмақ.
Бас қосудың орнына, басымызды сақтарға орын таба алмай жүрмелік. От пен суды қазақ «тілсіз жау» дейді. Оларға қосарлық үшінші тілсіз жау бар, оны да ойлау керек. Біз кірсіз пікір, таза ғамалмен жұмыс істеу үшін, мысалы, мұң-мұқтаждарымызды кеңесіп, дертімізге ем қарап, ісімізге жөн қарап, жоғымызды іздеуге, барымызды салуға ақылдасу үшін жиыламыз дерміз. Басқалар оған не мағына беріп, не көзбен қарар? Өзгелер басқосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын, я арам жемесе басы ауыратын иттер қай жерде де болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп оттайтын хайуандар, әсіресе, біздің қазақта көп.
Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер ештеңе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды.
Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшін шыққан, адамның өз тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер.
Қазақтың дүниесіне керек емес оқудың, ақыретіне де керегі аз еді. Неге десең, ол күнде қазақтар намаздың сабағын білмей: «Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен Құдайдың пендесі», - деп намаз оқыса да олардың жүректері осы күнгі он қабат орап басына қазандай сәлде салып, көзін сүзіп, көлгірсіп отырған молдалардың көбінен жүрегі таза еді. Құлшылық қабыл болуына таза жүректен артық нәрсе жоқ.
Біз өзімізбен өзіміз болып, басылып бара жатқанымызды, батып бара жатқанымызды байқамай, батып болған соң бірақ көретін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы – керегі болмағаннан еді. Енді де керек емес пе?! Бұларды енді керек қылмасақ, күн бұрын өзімізді, Құдайға айтқан малдай, басқалардың есігіне арнап қою керек. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке ебі жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды?! Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттың да, өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ.
Бізде негізгі бір зор адасқандық – өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сенгендік. Өзіміз жай жатып, сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді.
Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
www.ahmettany.kz