Орта жүздің ұйымдық құрылымындағы үлкені Арғын тайпасының сызбасы бойынша «Тәнбісопы» бөлімі «Тоқал Арғын» (Кіші Арғын деп те) айтылады. Шежіренің жоғары жағына бармай-ақ Аманжолдан бастайық. Аманжол – 1582-1598 жылдары хан болған Тәуекел ханның да, одан кейінгі Есім ханның да белді батырларының бірі. Оның (Аманжолдың) баласы Шақшақ та әке үлгісімен 17 жасында алғаш Еділ бойындағы XVII ғасырдың алғашқы 20 жылдығындағы соғысқа алғаш қатысқан Аманжол ұлдарының кенжесі. (Аманжолдан-Бейімбет, Әлімбет, Шақшақ). Шақшақтан-Бақай, Көшей, Дүзей, Томай, Ақназар, Есназар. Көшейден – Қарабас, Аю, Қошқар, Қалқаман, Еламан (Қожамбет), Тінет. Шежірешілер бұларды 6-Шақшақ, 6-Көшей деп жеткізеді. Қалқаманнан – Бәйсейіт. Бәйсейіттен-Үмбетей (1711-1808 жыл). Үмбетейдің 7 әйелінен 26 ауыл ұрпақтары тараған «Тоқал арғынның» ірі буыны. Ру болып құралған жері – ата қонысы Торғайдың Ақкөлі, жайлауы – Наурызым-Сыпсың. Тарихи деректерде Үмбетей 1725 жылдан басталған «Шұбар теңіз», «Бұланты», «Аңырақай» сияқты ірі шайқастарда ерекше көзге түсіп, Шақшақ Жәнібектің «Шабуыл тушысы» дәрежесін иеленген. Ту құрметіне ел-жұрт «Үмбетей-Жәнібектей бабаларым»-деп сыйынатын болған. Соңғы жорығы 1775 жылы Е. Пугачев көтерілісіне балалары: Жиенбай, Аралбаймен бірге қатынасып, Аралбай «Звериноголовск» бекінісіне шабуылда қаза табады. Үмбетей батыр туралы деректер Н.Е.Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз», И.В. Ерофееваның «Между всеми старшинами знатнейший» т.б. еңбектерінде бар. Ұрпақтары туралы толық мәлімет И.Ағытайдың «Бабамыз бекзат данышпан» деген рулық шежіресінде баяндалған. Аралбай баласы Таңбай жеті ағайынды. Таңбайдан туған баланың үлкені – Шошақ, екіншісі – Көбек. Бұл екеуі де дәулетті, ел ішінде беделді, ақылды адамдар болған. Шошақтан-Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ), Ерғазы, Ермағанбет туады. Көбектен-Төлебай, Жөкебай туады. Көбек – атымтай жомарт, ел асыраған мырза, қазаққа аты шыққан өнегелі жан. Төлейбай да ел ішінде асқан беделге ие, мырза қайырымды жан болған. Көбек ағасы Шошақ қайтқанда үйірлеп жылқы сойып, ас беріп, жылқының құйрық-жалы қылын қостырып, бие сүтіне илетіп, там тұрғызған. Ол – Шошақтың «Ақ тамы» атанып әлі тұр. Байтұрсыннан – Қали, Кәкіш, Ахмет, Мәшен және Зилаш атты бір қыз туады.
Ахмет Байтұрсынұлы – XX ғасырдың басындағы Алаш қозғалысы көсемі, Ұлт Ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, Қазақ Автономиялы мемлекетінің алғашқы Білім министрі, Академиялық орталықтың тұңғыш басқарушысы, қазақ шекарасын негіздеп, еліміздің жерін бекемдеген мемлекет және қоғам қайраткері. Шолпан Ахметқызы – (1914-1994 жж.) Ахмет пен Бадрисафа 3 жасында бауырына алған Мәшен Байтұрсынұлының қызы. 1923 жылдан алдымен Орынборда, кейін Қызылордада Үлгі-тірек (опытный) мектебінде оқыған. 1929 жылы әкесі ұсталған соң, анасы Бадрисафа екеуін Томск губерниясына жер аударған. Сол қудалау 1950-1957 жылдарға дейін жалғасқан. 1933 жылы жасын үш жасқа үлкейтіп Байсалов Ғабиденге (1909-1959 жж.) тұрмысқа шығып, одан Эрнст (жастай қайтқан), Айман (1936 ж.), Болат (1937-1983жж.) атты балаларын дүниеге әкелген. Болат пен Шолпанды 1950 жылы жер аударып, 1957 жылға дейін айдауда болған. Шолпан Ахметқызын ҚҚҰ 1970 жылдарға дейін бақылауда ұстаған. Сол шақтың өзінде әкесін ақтау жолында табанды күрескен қайраткер ананың қызы Айман мен ұлы Болаттан тараған ұрпақтары бар.
Мәшенұлы Самырат 1937 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы ұсталғанға дейін тәрбиесінде болып мектеп, техникумдар бітіріп, Ұлы Отан соғысына қатынасқан. Соғыстан кейінгі жылдары өмірінің соңына дейін Республика көлемінде колхоз – совхоз құрылыстарында басшы қызметте болып, Республикалық құрылыс жөндеу басқармасының бастығы қызметтерін атқарып, республиканың Құрметті құрылысшысы атағын иеленген, бірнеше орден,медаль иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазіргі Ахаң мұражайының жабдықталуына еңбек сіңіріп, Ахмет Байтұрсынұлы қоғамдық қорын құрушы.
Ибраһим Ағытайұлы – 1942 жылы Жанкелдин ауданы, қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы ауылында туған. Ұстаз, журналист, этнограф, мемлекеттік қызмет ардагері. Жангелдин ауданының Құрметті азаматы. Ахмет Байтұрсынұлы медалінің иегері. Үмбетей ұрпағы. Үмбетейдің екінші әйелінен туған, «Баянды» аталығынан тарайды. Ахметтанушы. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі жайлы барлық кезеңдерге қалам тартқан ҚР Журналистер Одағының мүшесі. 1996 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы өмірін зерттеудегі «Ақжол», «Бадрисафа» экспедициялары мүшесі. Екпінді ауылында «Бадрисафа» белгісін, Әулиекөлде А.Байтұрсынұлы ескеркіштерін, Ақкөлдегі Байтұрсын қорымына А.Байтұрсынұлына арнап кесене салдырып, Ахмет Байтұрсынұлы атылған «Жаңалықтан» топырақ әкеліп, туған жеріне табыстау істеріне мұрындық болды.
- Шошақтың қызы Айдананың ұрпақтары бар;- Шошақтың Сабалағының Жазық, Балқия, Патшайым деген қыздарының ұрпақтары бар.
- Мәшенің Шолпан, Шәмшия, Дәмет, Балкенже қыздарының ұрпақтары бар.
- Қалидың Сәкен, Катез, Шашақ, Моншақ, Бөтен қыздарының ұрпақтары бар.
- Байтұрсынқызы Зилаштың ұрпақтары бар.
- Шошақ баласы Ерғазының немере қыздары Нұрзипа мен Бәдіғұлдан ұрпақтары бар (Орынборда, Қазақстанда).
Шошақ әулетінің қазіргі ұрпақ жалғасы:- Ақтастың немерелері: Амандық
- Орал шөберелері: Самырат, Шыңғыс, Сұлтан, Әмір бар.
- Байтұрсын әулетінен: үлкені Қалидың шөпшегі Болат, 6-ұрпағы: Әділ мен Алдияр. Кенжесі: Мәшеннің немересі Серіктен Жәнібек бар.