«Тіл – адамның адамдық
белгісінің зоры»


Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектерімен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
– Рымғали Нұрғалиев
Біз бүгін Ахаңның «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік. Мұның мәнісі – екеуі де: бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ әдебиетінің алғашқы әліп-билері. Асылы, үздік қасиеттер бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне солғұрлым ұқсас болады.
Зейнолла Қабдолов
Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген – Ахмет Байтұрсынұлы.
Қайым Мұхамедханов
… Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді.
Ғаббас Тоқжанов
Ахмет Байтұрсынұлы – біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан, із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліпбиімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың «Тіл-құралы» арқылы оқып үйренді.
Рабиға Сыздық
Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсыновтың атын алты алаштың – бар қазақтың баласы ғана емес, алдыңғы қатарлы адам баласы білетін болады.
Қайым Мұхамедханов
… өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.
– Сәкен Сейфуллин
А. Байтұрсынұлының өлеңдері өзінің сыртқы қарапайымдылығы, ішкі мазмұны, жеңілдігі және біркелкілігі жағынан қазақ әдебиетінде бірінші орын алады… А. Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, … өз ағаттықтарын түсіне бастады…
– Міржақып Дулатұлы
Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қанжылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды.
– Мұхтар Әуезов
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
AHMETTANU.KZ
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ
Жұрт қолы теңдікке теңелсе жетеді.
«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзеуге құдыреті келер. Сөз – қару. Бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың, өзі түзелуге бет ала бастағанын көріп тұрмыз.
Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әртүрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай, «қазақ ұлты» болып тұра аламыз ба? Осы – біздің, төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда, өз алдына ұлт болып өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттар ғана тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта, адамы құрымай, жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себепші болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Дүние ісіне де, дін ісіне де күш керек.
Жолсыз билікті көп көрген жұрттың жолға сүйену, туралық бітім күту иманы бұзылады. Жолсыздыққа көзді де, етті де, бетті де үйретіп, жолды мен жолсызды айырмайтын болады.
Алдауыштардың жазасын тартқызудан басқа олардан құтылудың жолы жоқ.
Тарих жолына қарағанда келімсек жұрт күшті болса, тұрғын жұрт аяқ асты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Тұрғын жұрт күшті болса, келімсек жұрт сіңіп, тұрғын жұрттың түріне түсіп, бөтендігі жоғалмақшы. Екеуі де тең болса, бір-бірінен кем болмай, біріне бірі жем болмай, қатар тұрып күнелтіп, һәр қайсысы өз алдына ұлт болып тұрмақ.
Бас қосудың орнына, басымызды сақтарға орын таба алмай жүрмелік. От пен суды қазақ «тілсіз жау» дейді. Оларға қосарлық үшінші тілсіз жау бар, оны да ойлау керек. Біз кірсіз пікір, таза ғамалмен жұмыс істеу үшін, мысалы, мұң-мұқтаждарымызды кеңесіп, дертімізге ем қарап, ісімізге жөн қарап, жоғымызды іздеуге, барымызды салуға ақылдасу үшін жиыламыз дерміз. Басқалар оған не мағына беріп, не көзбен қарар? Өзгелер басқосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын, я арам жемесе басы ауыратын иттер қай жерде де болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп оттайтын хайуандар, әсіресе, біздің қазақта көп.
Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспапсыз шеберлер ештеңе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды.
Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшін шыққан, адамның өз тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер.
Қазақтың дүниесіне керек емес оқудың, ақыретіне де керегі аз еді. Неге десең, ол күнде қазақтар намаздың сабағын білмей: «Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен Құдайдың пендесі», - деп намаз оқыса да олардың жүректері осы күнгі он қабат орап басына қазандай сәлде салып, көзін сүзіп, көлгірсіп отырған молдалардың көбінен жүрегі таза еді. Құлшылық қабыл болуына таза жүректен артық нәрсе жоқ.
Біз өзімізбен өзіміз болып, басылып бара жатқанымызды, батып бара жатқанымызды байқамай, батып болған соң бірақ көретін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы – керегі болмағаннан еді. Енді де керек емес пе?! Бұларды енді керек қылмасақ, күн бұрын өзімізді, Құдайға айтқан малдай, басқалардың есігіне арнап қою керек. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке ебі жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды?! Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттың да, өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ.
Бізде негізгі бір зор адасқандық – өз ісімізді өзіміз істемей, өзгеге сенгендік. Өзіміз жай жатып, сұрай берелік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді.
Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізіп, әлсіздерге күш беретін – өнер, білім. Сол өнер, білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік. Біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік.
Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс. Аспандағанмен, жерден алыс кете алмаспыз, артылдық дегенмен, елден алыс кете алмаспыз.
Бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек. Яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек.
Қазақ дінге нашар күйден өткен. Енді қазақты басқа дінге аударамын деу – құр әурешілік. Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Араб харфі Ислам дінімен бірге келіп қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай жоғалмайды.
Басқа түрік балаларының харф һәм емле түзету ісіне қарасақ, олардың бізден, біздің олардан айырылатын жерлеріміз бар. Біздегі бар дыбыс оларда жоқ, оларда бар дыбыс бізде жоқ көрінеді. Біздегі бар сөздердің түрлері оларда жоқ, оларда бар түрлері бізде жоқ. Сондықтан біз қазақ тілін тастап, басқа түрік тілдерінің біріне қосыламыз демесек, айырық жерде айырыла, бірдей жерде бірге іс ету тиіс. Солай ету қазақ тіліне керек жұмыстарда да боларға тиіс.
Көрпе қысқа болса, көсілуге жетпейді. Созғанмен молаймайды. Көрпе жетсін десең, істерлік жалғыз-ақ амал бар: көсілуді қойып, аяқты жию.
Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек.
Егерде оқу іздеген талапкерлеріміздің қырықтан төртеуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары қаңғырып далада қалып отырса, жұрт жұмысшысы көбейіп мандыр ма?! Жұмысшы көбеймесе, жұрт жұмысы ілгері басып өнер ме?! Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе?
Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан болсын.
Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы.
Мойындағы борышты білу – білім ісі. Борышты төлеу – адамшылық ісі.
Жастардың оқу, тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.
Ай мен күндей һәммеге бірдей, білім – көп ортасындағы мүлік.
Халықтың есі енуі баланың есі енуі сияқты: бірте-бірте ақырындап болмақшы.
Оқусыз хОқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреу бірдей тең болса, оқу қисаңдамай, ауытқымай түзу жүреді. алық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
Жұрт баласын жұрттық қылып, жұрт үстінен оқытатын дәрежеге қазақ әлі жеткен жоқ. Әркім өз баласының ғана оқығанын ойлайды. Әр баланың басын қосып, құраса, бәрі жұрт баласы болатындығын, ол жұрт баласын оқыту жұрт міндеті екендігін айыратын ес қазаққа әлі кірген жоқ.
Оқыта білмейтін мұғалімдер оқу жұмысының салмағын балаларға ғана артып, өзі «Әй! Оқыңдар!» деп тыныш отырады.
Бастауыш мектепте үйренетін білім – жұрттың бәріне тегіс керек білім. Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек.
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы.
Адамның өзінде кемелділік болмаған соң, ісінде де кемелділік болмайды.
Өз ойын дұрыс айтуға қанша білім керек болса, басқаның ойын соның өзінше ұғуға, өзінше айтуға, екінші сөзбен айтқанда: дұрыс оқуға керек білім онан да артық болмаса, кем болмайды.
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді.
Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәм халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады.
«-Шыл» жұрнақ зат есімге жалғанады. Сол затты екінші зат жарататындығын, сүйетіндігін көрсету үшін. Мәселен: «ұйқы» деген сөзге «-шыл» жұрнағын жалғап, «ұйқышыл» деп, ұйқыны сүйетіндігін көрсетеміз. «Ұлт» деген сөзге «-шыл» жұрнағын жалғап, «ұлтшыл» деп, ұлтты сүйетіндігін көрсетеміз. «Қазақ» деген сөзге «-шыл» жұрнағын жалғап, «қазақшыл» деп, қазақты сүйетіндігін көрсетеміз.
Түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта.
Тілдің ғұмыры – ұзақ. Оның жасы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады.
Түрік тілінің бәріне ортақ емле болу керек десек, түріктің қай баласында азбаған тұнық тіл, түзу емле болса, соны аларға керек. Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиіс.
Егерде Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлық іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Сол екеуі де қазақтан табылады.
ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиесілі. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас.
Әр әдіс өз орнында жақсы.
Тіл – тіршілік құралы. Тіл үйрету (оқу, жазу, сөйлеуді үйрету) – сол тіршілік құралын жұмсауды үйрету. Олай болса, тіл үйрету өнері тұрмыс өнері болмақ.  Тұрмыс өнері өзінің тұрмыстағы байласқан нәрсесінің түріне қарай, тұрмыспен бірге өзгермек.
Мәдениет деген үйдің киізін талғап конатын қонақ сияқты, көп нәрсенің жағдайына қарап орнайтын болса керек.
Мәдениет жоғарылауының мағынасы сол адам баласының табиғат үстінен жүргізетін қожалығы күшеюінде.
Табиғат әсері адам баласының ісіне неғұрлым мәдениет жүзінде төмен тұрса, соғұрлым күшті болмақ. Мәдениет жолында жоғарылаған сайын табиғат әсерінен адам баласы құтылыңқырамақшы. Өйткені мәдениет жоғарылаған сайын табиғаттың жағдайсыз жерін жағдайлы ету қолынан келеді.
Колонизация барғандарға болмаса, тұрғын елге жағымды бола бермеген. Көбінесе мәдениет жерге жайылса да, елге жайылмаған.
Табиғат – тас жүрек. Қанша өтініп жалынсаң да, жағынсаң да, өзінің заңынан бұрылмайды.
Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді.
Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
www.ahmettany.kz